14.09.2022, 05:00

Маңғыстауда ереуілге шыққан жедел жәрдем қызметкерлеріне жалақы төленді

Талаптардың орындалуына байланысты жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері мен фельдшерлерін жұмысқа қайта шығуын сұраймыз.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмиров жедел жәрдем қызметкерлеріне еңбекақы толық төленгенін айтты. Осы себепті ол ереуілшілерді жұмысқа қайта шығуға шақырды, деп хабарлайды Inaktau.kz порталы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсіндіргендей, ағымдағы жылдың ақпан айында фельдшерлер мен арнайы көлік жүргізушілерінің жалақысы 40 мың теңгеге көтерілген. Алайда соңғы бір айда жалақының кешігуіне байланысты дәрігерлер ереуілге шыққан және оның видеосы желіге тараған.

"12 қыркүйекте сағат 12:00-де Маңғыстау облысының жедел медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерінің еңбекақысы мен 40 мың теңге қосымша төлем толығымен төленіп, есепшотқа аударылды. Талаптардың орындалуына байланысты жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері мен фельдшерлерін жұмысқа қайта шығуын сұраймыз. Call-орталыққа медициналық көмекке мұқтаж тұрғындардан минут сайын қоңыраулар келіп түсуде. Облыс тұрғындары мен қонақтарына алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың келмеуі этикалық нормаларға сәйкес келмейді және қолданыстағы заңнаманы бұзу болып табылады", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Аманбек Жұмыров әйтпесе халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы ереуілді заңсыз деп тану туралы өтінішпен уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы екенін айтты.

Аманбек Жұмыровтың айтуынша, бірнеше қызметкерлер әлі де өз міндеттеріне кіріспеген.