Бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.
Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысады.
Кеше кешке Рим Папасын елорда әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы Франциск Ақордада екіжақты кездесу өткізді . Айта кетерлігі, Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысатыны күтіледі.