Парламент депутаттары президент өкілеттігін 7 жыл етіп бекіту және және Астана атауын өзгерту мәселесін талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Осы біз президенттікке ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік... Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда жылда 2 президент болады. Енді президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Атазаңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, "неге президент бір рет қана сайлануы керек" деп, қисық тартып жатқандарға не деуге болады?», - деді Қазыбек Иса отырыста.
Оның айтуынша, жеті жыл уақыт - қандай жетістікке жетуге де жеткілікті мерзім. «Қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық» дейді ол.
«Кешеге дейін, "Мәжіліс сайлауы мен Президент сайлауы қашан болады?" деп шулап едік. Президент қоғам талабын екі есе орындап, екі сайлауды да жариялап еді, енді "Неге Президент сайлауы болады" деп шыққандар да бар. Саясаткерлік - кез келген уақытта қандай сайлауға да дайын тұру. "Біз оянамыз дегенше, керуен кетіп қапты" деген байбалам саясаткерлікке жүрмейді. Сол секілді "Астананың бұрынғы атын қайтару керек" дегендер көп еді, еститін мемлекет ретінде депутаттар ел аралағанда ең көп айтылған халық талабын орындап жатса, енді неге "Астана атын ауыстырасыңдар" дегендер де шықты... Мұның бәрі қоғамды тұрақсыздыққа итермелеп жатқан теріс пиғылдылардың әрекеті екені анық», - деді депутат.