2002 жылдың 30 қаңтарынан 2003 жылдың маусымына дейін Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын Есеп комитетінің төрағасы қызметін атқарған Жақсыбек Құлекеев Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің бюджет қаржысына қай уақыттан бастап қол сала бастағанын айтты.
Құлекеевтің айтуынша, 2000 жылға дейін Қазақстанның экономикасы күйзелісте болып, бюджетте артық ақша болмаған.
— Кризистен кризис, құлдырап, тіпті бір жылдары Қазақстанның экономикасы 26 пайызға дейін құлаған кездері болды. Ала қоятын бюджетте ақша жоқ. Президенттің өзінің шетелге ұшып баратын самолетінің шығындарын жеке кәсіркерлер қалтасынан шығарып, бірді бірге қосып жүретін кез болды. Сондықтан біреуден алатындай ешнәрсе болған жоқ. Тек 2000 жылдан кейін ғана еліміздің экономикасы аяғынан тұрып, жылдам қарқынмен дами бастады, - деп түсіндірді экономист.
Экс-министр 2000 жылдан 2008 жылға дейін ел экономикасының жылдық орташа өсімі 10 пайыздың шамасында болғанын еске алды. Сол кездері экономика тұрақты дамып, шетелден инвостарлар келе бастаған.
— Осы кезеңде, алғашқы келісімдер жүрген уақытта бюджетке қаражат түсіп, үлкен жобаларды соның ішінде өте құнды ресурстарды бөлу кезінде жемқорлыққа жол ашыла бастады. Алғашқы оның көріністері 2005 жылдан кейін ғана көріне бастады. Ал оның үлкен көрінісі 2010 жылдан кейін жүйелі жолға қойылды,- деп түйіндеді Құлекеев.
Қоғам қайраткері 2005 жылдан басталған жемқорлық көріністері 2010 жылдан кейін еліміздің экономикасының әлеуеті үлкейгеннен кейін жүйелі жолға түскенін жеткізді.