Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары МӘМС жүйесіндегі медициналық ұйымдардың жұмысынан 11,8 млрд теңгенің кемшілігін анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Ашуев осындай мәлімет айтты.
Қор сарапшылары медициналық ұйымдардың жұмысынан 11,8 млрд теңгенің 882,6 мыңнан астам кемшілігін анықтаған.
«Бүгінде медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін ағымдағы, мақсатты, жоспардан тыс және проактивті мониторинг жүргізіліп жатыр. Кемшіліктердің басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін мекемелерде анықталды. Көбінесе, төлем аударылуы тиіс қызметтердің саны негізсіз көбейген. Мысалы, 1 қызмет көрсетілсе, 3 қызметті төлеуге ұсынады», - деді қор басшысы.
Айдын Ашуев кемшіліктердің қай салада жиі кездесетінінін саралап айтты.
«Оның ішінде қор сарапшылары жалпы сомасы 214,2 млн теңгеге медициналық қызмет көрсетудің 28,6 мың расталмаған жағдайын анықтады. Бұдан бөлек, қор проактивті мониторинг енгізді және оны 2 жыл бойы жүргізіп келеді. Онда анықталған бұзушылықтарға айыппұл санкциялары қолданылмайды. Оларды 45 күн ішінде жоюға мүмкіндік беріледі. Осы мерзім өткеннен кейін жойылмаған кемшіліктер бойынша сомалар төлемнен алынады», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы.