Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков еркін күрестен қола жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік додада 86 келі салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков алғашқы екі белдесуінде кубалық Юриески Кералту мен испаниялық Таймураз Наскидаевтан басым түсті.
Ал жартылай финалда АҚШ спортшысы Давид Тейлорға жол беріп қойды.
Қазақстандық балуан 3-орын үшін сайыста Пуэрто-Рико балуаны Итан Рамосты жеңді. Осылайша әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созды.
Азамат Дәулетбеков 1994 жылдың 15 наурызында дүниеге келген. Бұған дейін Азия чемпионатында 2022 жылы алтын алса, 2018 жылы күміс, 2017 жылы қола жүлде алды.
Еске салсақ, әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды .
Сондай-ақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.