Мешітке неке қидыруға барған екі жастың оқиғасы ғаламторда қызу талқыланып жатыр. Жігіттің болашақ жарын тастап кетуіне қалыңдықтың Мәһірге Hammer көлігін сұрағаны себеп болыпты, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында Сая Қасымбек есімді желі қолданушысы жазды. Онда ол жақын құрбысының басынан өткен жайтты баяндайды.
Оның айтуынша, құрбысының қызы қалталы, бизнесмен жігітпен көңіл жарастырып, тойға дайындалып жүрген екен. Алайда тойға санаулы күн қалғанда неке қидыруға барған жастардың арасынан от шығады. Даудың басы қыздың болашақ күйеуінен мәһірге қымбат көлік сұрағанынан басталған.
"Өткенде болашақ күйеубаласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасып қалып, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғам. Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, "той болмайды!" депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты! Қасындағы досы арқылы қыздың "ойнап айттым" дегенін естіп, "құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!" деп, шорт кесіпті. Екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп тұр. Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса "Балам бетбақтырмайды. Біз жақ та да той болмайтынын жарияладық. Баламыз Астанаға кетіп қапты. Қызыңыз өзінен көрсін" депті. Жұбатарға сөзім жоқ?!, — деп жазды Сая Қасымбек.
Шымкентте болған жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі мәһір қазақтың дәстүрінде жоқ ұғым десе, келесісі қызды санасыз екен деп сөгіп жатыр.
"Алланың үйінде сыпайылық сақтап, әрі кетсе Қажылық сапар сұраса ұтар еді. Ол дарақы құрбыларының алдында көпірейін деген ғой. Құдай басқа бермесін. Шешесіне қиын болған екен", "Жігітті қолдаймын!", "Қазақтың дәстүрінде жоқ әдет қой. Көрінгенге еліктегенді қою керек жастарға. Қазақ қызды жүгімен берген, ал жігіт жағы қалың малын берген. Сол да жетеді деп ойлаймын", "Мұндайда, мешітке бармас бұрын қызбен ақылдасып, келісіп алған дұрыс-ау, не сұрайтын болдың деп. Шындығында, жігіт қызды сүймейтін болып тұр ғой!", — деп жазды желі қолданушылары.
Қалыңдыққа жеке берілген сыйлық мәһір деп аталады. Дін өкілдері мәһірдің нақты мөлшері жоқ екенін, бірақ күйеу баланың атаған сыйын қалыңдық азырқанса, онда неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді.
"Мәһір — ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалындықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһірді беріп, қалындықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһір дегеніміз, ер азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалындығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалындығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Мәһір — қалындықтың жеке мүлкі. Тіпті, екі жас ажырасып кетсе де күйеуі "берген сыйымды қайтар" деп немесе қайын жұрты "біздің баланың саған берген сыйын қайтар" деп даулауға құқығы жоқ. Себебі, ислам мәһірді — әлсіз әрі нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Ол оны жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) немесе материалдық, мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін", — дейді ҚМДБ өкілдері.