Шығыс Қазақстан облысын ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан Даниал Ахметовтің балалары да жайлы жерде отыр. Әсіресе, әкімнің күйеу баласы майлы жіліктің шетінен ұстаған. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Атап айтар болсақ, әкімнің қызы Аделияның күйеуі Ерлан Қойшыбаев «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясында логистика бойынша басқарушы директор қызметін атқарады. Ол бұған дейін де осы салада «еңбектенген».
2013 жылы Ерлан Қойшыбаев ҚТЖ-дағы «Транспорттық логистиканы дамыту орталығы» директорының орынбасары ретінде қызметке кіріседі. Бұл оның мансабындағы үлкен баспалдақтардың бірі еді. Бірақ бұл жерде небары 8 ай жұмыс істеп, кейін осыған ұқсас өзге орталыққа ауысады.
Бір қызығы, Даниал Ахметовтің айналасындағы дау-дамайға күйеу баланың да әсері бар. Кейбір мәліметтер бойынша, Қойшыбаев «ҚТЖ»-дағы логистика мәселесімен айналысып жүргенде мемлекет қазынасына 6 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген. Өйткені, аудиторлық тексеру 6 миллиард шығынды Қойшыбаевтың қызметімен байланыстырып отыр.
Жарияланған деректер бойынша, Ерлан Қойшыбаев вагондарды жеңілдетілген баға бойынша беріп келген-мыс. 2018 жылдың өзінде тек қана Perfec Logistic ЖШС-мен бірге 515 миллион теңге көлемінде шығын келтірді. Ал бір жыл бұрынғы шығып 208 млн-ды құрайтын. Бұл жалғыз мысал емес.
Ерлан Қойшыбаев ҚТЖ-ға қайта оралған соң мансап жолына тез көтеріліп, бірден логистика бойынша басқарма басшысының орынбасары атанды. Дәл осы кезеңде ҚТЖ қызметкерлері басшылықты жемқорлығы үшін айыптаған болатын. Теміржолшылар ел президентіне үндеу жолдап, «ҚТЖ» ұлттық компаниясы басшыларының тым еркінсіп кеткенін айтқан. Олар ұлттық компания басшылығының жемқорлыққа белшеден батып, бюджет қаражатына қол сұққанын айтты.
«Жыл сайын миллиондаған доллар қазынаға түспей, теміржол транспортын толық бақылайтын бірнеше олигархтар тобының қалтасына кетеді», - деп жазды олар.
Теміржолшылар «таза емес» деп айыптаған шенділер қатарында Даниал Ахметовтің күйеу баласы, ҚТЖ басшысының орынбасары Ерлан Қойшыбаев та бар.