Түркістан облысында NEET-жастарға жергілікті бюджеттен бөлінетін грант саны 16 мыңнан 4700-ге дейін азайып кеткен. Оқу-ағарту министрлігі ол олқылықтың орнын республикалық бюджеттен толтыруға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомствоның аппарат мәжілісінде министр Асхат Аймағамбетов осы мәселеге қатысты ойын айтты.
«Еңбек нарығына қажетті мамандарды мемлекеттік тапсырыс аясында даярлау туралы слайдтан көріп отырмыз. Мысалы, биыл Түркістан облысында жергілікті бюджеттен колледждерге 4755 орын ғана бөлініпті. Алдыңғы жылдың өзінде бұл облыстың осы бағыттағы жұмыстарына біраз сын айтқанбыз. Биыл сол алдыңғы жылмен салыстырғанда 3645 орын қысқарып қалыпты. Оның алдында да грант саны жеткіліксіз болған. Енді одан сайын азайып, 4755 болыпты. Алматымен салыстырсақ, онда – 9 мың, Қарағандыда – 8 мың», - деді Оқу-ағарту министрі.
Түркістан облысында NEET санатына жататын жастардың саны өте көп екенін және ол жастардың көбінде білімі де, жұмысы да жоқ екенін атап өтті.
«Түркістан облысының білім басқармасы, біз сіздерге республикалық бюджеттен бөлген қаражаттан 10 мың грант бөлуге мәжбүр болып отырмыз. Өйткені бұл жерде сондағы тұрғындардың, балалардың кінәсі жоқ қой», - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пайымынша, мұндай тәсіл әділетсіз.
«Бірақ бұл түсініксіз шешім. Біздегі ақпарат бойынша бұл облыста кезінде 16 мыңға дейін грант бөлінген екен. Қазір сол 16 мыңнан 4700-ге түсіп кеткен. Бұл қай жақтан қарасақ та, қисынсыз.
Бізге республикалық бюджеттен Түркістан облысына қаражат бөлердің алдында жергілікті бюджеттен 13 мың орын бөлінеді деген ақпарат берілген екен. Қазір біз бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен кім аз бөледі, соларға көмектесіп жатырмыз. Ал негізінде кім жергілікті бюджеттен көп грант беріп отыр, соларға көмектесуіміз керек. Біз, керісінше, өңірлерді гранттарды неғұрлым аз бөлуге ынталандырып отырмыз деген сөз. Сондықтан бұл тәсілдерді толығымен қайта қарауды тапсырамын. Енді кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамытуға аз грант бөлентін өңірлерді қолдамаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.