Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өртке байланысты кейінге шегірілген Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар 1 қазанда өтеді. Бұл туралы ұйымдастыру алқасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы жылдың 3-5 қыркүйек күндеріне жоспарланған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Әулиекөл ауданындағы төтенше жағдайдың салдарынан кейінге шегерілген болатын. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілді. Қазіргі таңда жағдай тұрақталды.
Осыған орай, Ұлт ұстазының мерейтойы 1 қазан күні аталып өтетін болады. Мерекелік іс-шаралар Ахмет Байтұрсынұлы және Торғай ауылдарында өтеді.
Бағдарлама бойынша Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлының кесенесіне тағзым жасау, музей-үйдің тұсаукесері өтіп, ас беріледі. Торғай ауылында спорттық шаралар (қазақ күресі, ат жарысы), ескерткіштің ашылуы, реэкспозициядан кейінгі А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейінің тұсаукесері, ғылыми-практикалық конференция жоспарланған», - делінген ұйымдастыру алқасының хабараламасында.
Еске салайық, Қостанайдағы алапат өрт кезінде өңірге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты пікір білдірген еді. Ол жолы Мемлекет басшысы өртпен байланысты жағдай тұрақталып, зардап шеккендерге көмек көрсетілген соң Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне баратынын мәлімдеген болатын.