Бүгін техникалық себептерге байланысты "Астана-Петропавл" учаскесінде №105 "Алматы-Петропавл" пойызы жөнелтілмейді, деп жазады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
2022 жылдың 21 қыркүйегінде сағат 04.27-де "Алматы-Петропавл" бағытындағы № 105 жолаушылар пойызы техникалық вагонның ақауына байланысты "Қарағанды-Астана" учаскесінде шұғыл аялдама жасады.
Ақпаратқа сәйкес, пойызда 184 жолаушы болған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жолаушылар "Мырза – Шоқай" аралығынан Астанаға дейін жетіп алуы үшін №3/4 "Алматы – Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол" (Тальго) пойызына отырғызылады.
Бурабай курорты, Көкшетау және Петропавл станцияларына бағыт алғандар үшін Астана станциясынан Петропавл станциясына дейін жеке құрам ұйымдастырылды.
Тексеру жүргізу үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ комиссиясы құрылды.