Назарбаев университетінде тағы да жанжал. Тамыз айының соңында осы университеттің студенттерінің бірі зорлау және қудалау әрекеттері туралы мәлімдеді. Кейін, 15 қыркүйекте телеграмм-арналардың бірінде зорлаушы 4-курс студенті Айбар Шаймұханов екені және ол қылмыстық істі "жылы жапқызып" қойғаны туралы жазба пайда болды.
Бұл туралы Skifnews порталы ZTB-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған мәселеге байланысты Шаймұханов үндеу жасап, шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат оның бүкіл өмірін құртқанын мәлімдеді.
Үндеуде: "Сіздердің алдарыңызда Назарбаев университетінің "зорлаушысы", - деп бастады сөзін сексуалдық қылмыс жасады деп айыпталған студент.
Айбардың айтуынша, ол Студенттер істері жөніндегі департаментке шағым жазып, полицияға арыз жолдаған. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
"Ең өкініштісі, адамдар соған сенді. Ешкім ешқандай дәлел сұрамады, жеке өзіме шыққан бірде-бір жан табылған жоқ. Адамдар тектен текке мені қаралай бастады", - деп шағымданды студент.
Сондай-ақ, ол жазба авторларының ешқандай дәлелі жоқ екенін атап өтті.