ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) жұмысына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат сауалының басында «зейнетақы – бұл қайырымдылық емес» екенін, зейнетақы қорының активтері, бірінші кезекте, қазақстандықтардың өз кірістерінің 10%-ы мөлшеріндегі аударымдарынан тұратынын және 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір жұмыскері үшін 1,5% мөлшеріндегі қосымша жарналар қосылатынын айтты.
«БЖЗҚ жұмысының тиімділігіне қатысты үлкен қоғамдық наразылық бар. 2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі жылдық 9,6%-ды құрады. Ал жылдық инфляция бүгіннің өзінде 16,1%. Яғни, зейнетақы жинақтарының шынайы кірістілігі теріс», - деді депутат.
Аманжан Жамалов өз сөзінде зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ деп мәлімдеді.
«БЖЗҚ активтерінің 44%-ы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар «масыл болып, бюджетке салмақ салып отыр», себебі, басқа құралдар бойынша да, іс жүзінде де кірістілік жоқ», - деді ол.
Сонымен қатар, депутат БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола отырып, жабық құрылым екенін, қаржыгерлердің шағын тобы халық ақшасын өз қалтасы ретінде басқаратынын айтты.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында базалық және ынтымақты зейнетақының өсетіні туралы жариялады. Бұған бюджеттен қосымша 421 млрд теңге бөлінетін болады. Бірақ БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақының мөлшері өзгерген жоқ. Әрі бұл ретте 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның басқаруында өте қомақты 14 трлн теңгені құрайтын сома бар. Бұл сома Қазақстанның жылдық бюджетіне тең», - деді депутат.
Аманжан Жамалов зейнетақы қорының әкімшілік шығыстары 13 млрд теңгеге жеткенін, ал еліміздегі бүкіл әлеуметтік саясатқа жауапты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл сайынғы әкімшілік шығыстары 10 млрд теңгеден аспайтынын салыстырды.
«БЖЗҚ қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге ғана 7,9 млрд теңге жұмсалды. БЖЗҚ әдейі үлкейтілген құрылымында 1495 адам жұмыс істейді. БЖЗҚ әрбір салымшыдан инвестициялық кіріс сомасы мен зейнетақы активтерінен комиссия алады. 2021 жылы БЖЗҚ комиссиясы 15 млрд теңгеден асып түсті. Бұдан басқа, бағалы қағаздармен операциялар бойынша қосымша кіріс алады. 2021 жылы БЖЗҚ-ның жалпы кірісі шамамен 35 млрд теңгені, ал таза пайда 23,4 млрд теңгені құрады», - деді Жамалов.
Ол сондай-ақ БЖЗҚ тарапынан Үкіметке дивидендтер төленбейтінін және зейнетақы жарналарынан алынатын осы комиссиялардың арқасында 211 млрд теңге болатын пайданың барлығы зейнетақы қорының тікелей билігінде қалатынын жеткізді.
Айтылғандарды негізге ала отырып депутат премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасына Есеп комитеті БЖЗҚ-ның соңғы жылдардағы шығыстарының негізділігі мен тиімділігін тексеруін, Үкімет жалғыз акционер ретінде БЖЗҚ-дан 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюджетке алып қойып, оларды әлеуметтік мәселелерді, мысалы, 58 жасында зейнетке шығу үшін еңбек өтілі мен жинақтары жеткілікті әйелдер санатының проблемаларын шешуге бағытталуын және БЖЗҚ-ны Үкіметтің тікелей қарамағына, бәлкім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына беру туралы мәселе қаралуын ұсынды.