$ 494.87  520.65  4.91

Ескі «Запорожецпен» жол апатына түсіп, елдің көңілін босатқан қария ауыр науқасқа шалдыққан балалардың еміне төрт миллион теңге берді

Бірақ мұнымен тоқтап қалмайды. Қария қалған ақшаны тағы бірнеше балаға аудармақ ниетте.
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Ескі «Запорожецпен» жол апатына түсіп, көлігін құшақтап жылап қазақстандықтардың көңілін босатқан павлодарлық зейнеткер Ефим Купин ауыр науқасқа шалдыққан балаларға көмек ретінде төрт миллион теңге аударды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

85 жастағы павлодарлық өзінің игі ісі туралы Instagram желісінде хабарлады.

«Маған көмектескендердің бәріне алғыс айтамын. Бүгін біз мұқтаж балаларға төрт миллион теңге аудардық», - деді зейнеткер.

Бейнежазбаны қала тұрғыны Назымхан Назимов өз парақшасына жариялады. Ер адам зейнеткердің қайғысына алғашқылардың бірі болып ортақтасып, қаражат жинау үшін шот ашқан болатын.

«Мен ерікті де, блогер де емеспін. Қарияның бейнежазбасын кездейсоқ көріп қалдым. Әрине, өте қатты әсер қалдырды. Менің жұмысым жол апаты болған жерге жақын орналасқан. Сондықтан Ефим Никитичті табу қиынға түспеді. Зейнеткерді банкке алып келіп, шот ашқыздым. Кейін бұл әрекетті видео жазып алып, көпшілікке жібердім. Кішкене болсын қаражат жинап, көмектесеміз деген үмітім болды. Қуанышымызға орай жаңалық БАҚ арасында таралып кетті», - дейді павлодарлық.

Қазақстандықтар зейнеткерге көмек ретінде қанша ақша жинағаны туралы ақпарат жоқ. Бірақ қарт адам жол апатында зақымдалған Toyota көлігін жөндеуге 4,1 миллион теңге төлеген. Ал қалған соманы уәде еткендей, науқас балаларға емдеуге жұмсаған.  

«Ефим Никитич үш баланың еміне төрт миллион теңге аударды. Бірақ бұнымен тоқтап қалмайды. Ертең қалған ақшаны тағы бірнеше балаға аударамыз. Ең көбі жеті бала болады деп ойлаймын. Ешкім бұл әрекетке қарияны мәжбүрлемеді. Ол өзі солай шешті. Біз науқас балалары бар отбасылармен кездестік. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін бәрін тексердік», - деді Назимов.

Дәлел ретінде ер адам зейнеткер Купин көмек көрсеткен сәбилердің аналарымен бірге видеосын жүктеді. Павлодарлықтардың бірі қызының дің жасушаларын Тбилисиде трансплантациялауға қаражат жинау үшін пост жариялағанын , ал жарты күннен кейін Ефим Никитичтен екі миллион теңге алғанын айтып, алғыс білдірді.

21 қыркүйекте сотта «Запорожецпен» болған жол-көлік оқиғасы туралы Әкімшілік іс қаралды. Зейнеткерге көлік құралына зақым келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткішке айыппұл салынды. Жеңілдіктерді ескере отырып, жалпы сома 43 мың теңгені құрады.
Осыдан біраз уақыт бұрын 85 жастағы павлодарлық қарияның жол апатына түсіп, ескі көлігін құшақтап жылаған видеосы тараған болатын. Ефим Никитичке семейлік Асылбек Андабаев есімді азамат «Запорожец» көлігінің кілтін табыстады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары