22.09.2022, 15:00

«80 қызметкерім шақырту алды»: Үміт Шаяхметова мамандарының кетіп жатқанына қынжылды

"Олардың барлығы IT саласының мамандары", — дейді Шаяхметова.

Halyk Bank АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова өзі басқаратын банк қызметіне Ресейде жарияланған ішінара мобилизация қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Қаржы маманы Алматыда өтіп жатқан Kazakhstan Growth Forum жиынының аясында банк саласындағы мәселелерден бөлек, Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияның өзі басқаратын банк қызметіне тигізген әсері жайлы мәлімдеме жасады.

"Біздің Мәскеуде "Москоммерцбанк" атты филиалымыз бар. Кеше Ресей билігінің мобилизация туралы мәлімдемесінен кейін 80 қызметкерімізге шақырту келді. Олардың барлығы IT саласының мамандары", — дейді Шаяхметова.

Банк жетекшісі қол астындағы қызметкерлерін әскерге алып кетсе олардың орнын басар лайықты маманның табылуы қиын екенін болжап отыр.

"Мұндай мамандар әдетте байқала бермейді, бірақ біздің сала үшін өте маңызды жұмыспен айналысады. Олардың орнын баса алатын әйел адамдар бар ма? Коронавирус пандемиясы бізді жылдам шешім қабылдап, кез-келген жағдайға бейімделуге үйретті. Сонда да 2022 жыл еліміз үшін, экономика үшін, клиенттеріміз үшін үлкен сынақ болды", — деп ойын түйіндеді Шаяхметова.