Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ЛХР, ДХР, Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумдарға қатысты Қазақстанның ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады", дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдегенін атап өтті.
Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады.
"Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды", деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.