Жалпы құны 13,5 млрд теңгеге жуық мүлік мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның ішінде астаналық «Шапағат» базары, Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, Шымкенттегі «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС-ға тиесілі, құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі; «Сарыағаш» санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер, Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі, Алматыдағы құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі, бағалау құны 1,5 миллиард теңге болатын «Найза-БН» ЖШС («Барыс-4» базары) жарғылық капиталының 65% бар.
Бұдан басқа, активтерді кейіннен шығару, экономикалық ресурстарды монополиялық шоғырландыру мақсатында мемлекеттік мүлікті заңсыз иелену, міндеттемелерден, оның ішінде салықтық міндеттемелерден жалтару фактілерін анықтау тұрғысынан азаматтық істер бойынша сот актілеріне тексеру жүріп жатыр. Қазір 21 млрд теңгеге олигополия өкілдерінің пайдасына шығарылған сот шешімдерін қайта қарау туралы Бас прокуратураның 11 наразылығы Жоғарғы соттың қарауында жатыр.
Жалпы, Комиссияның қызмет етуі кезеңінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілген.Мемлекетке жалпы сомасы 523 млрд-тан астам теңгеге келтірілген залал өтеліп, активтер қайтарылды, атап айтқанда:
- қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мемлекетке шамамен 518 млрд теңге, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан - 173 млн АҚШ доллары өтелді;
- прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне 5 млрд теңгеден астам сомаға 75 мың га жер;
- 600-ден астам теміржол және оларға қатысты жер телімдері қайтарылды.