$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін – Әуезов, Мұртаза, Бөкеевтер дүниеге келген күн

Бүгін танымал қазақ жазушылары Мұхтар Әузовтің, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күні.

Бүгін танымал қазақ жазушылары Мұхтар Әузовтің, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күні.

«Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақтың бас ақынына қара сөзбен мәңгілік ескерткіш орнатқан Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйек күні бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген.

Бала күнінде Семей қаласындағы медреседе, кейін бес кластық орыс мектебінде, 1915–1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған.

1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Ал 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен әдебиетке түбегейлі бет бұрды.

Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қазақ қайраткерлерімен жақын араласып, «Абай» журналын шығаруға атсалысады.

1923–1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімелерін жазады.

1923–1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша білім алады. Ленинградта (қазіргі СанктПетербург) оқыған соңғы жылында қайраткер Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл туралы «Қараш-Қараш» атты тарихи повесть жазды. Қазақ киносының жауһарларының бірі саналатын «Көксерек» фильмінің сценариіне арқау болған әйгілі повесть те осы кезде жазылды.

Ауызша жеткен аңыздарға сүйенсек, Мұхтар Әузовтің саяси қызметтен бас тартып, ғылымға табанды түрде бет бұруына Ахмет Байтұрсынұлының «ел ертеңі үшін басыңды аман алып қал» деген кеңесі түрткі болған көрінеді. Соған қарамастан, аңдуда болып, 1930–1932 жылдары қамауға алынды, тұтқыннан құтылу үшін ашық хат жазуға мәжбүр болды.

Жазушы әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын 15 жыл бойы жазған деген дерек бар. Төрт томдық туынды 1959 жылы сол кездегі ең үлкен марапат – Лениндік сыйлыққа ие болды. Қазіргі таңда «Абай жолы» 30-данастам тілге аударылған.

Ғалымдығын айтсақ, абайтану ғылымының негізін қалап, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

Мұхтар Әуезов бастап, кейін аяқсыз қалған Рысқұловтар әулетінің басындағы күрескерлік тарихты кейін тағы бір көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза жазып жалғастырды.

«Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?». Бұл – Оралхан Бөкейдің осыдан 30 жыл бұрын Шерхан Мұртазаға жазған құттықтау хатының үзіндісі. Қазақ әдебиетінің Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Шаханов, Дидахмет Әшімхан, Темірхан Медетбек сияқты тың есімдермен толығуына, қазақ журналистикасының әдебиеттен ірге ажыратып, дербес сала ретінде дамуына жол ашқан Шерхан Мұртазаның туғанына биыл 90 жыл толып отыр.

Мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов пен әкесі Рысқұлдың бейнесін көркем әдебиетке арқау еткен «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Тамұқ» романдарының авторы қазақ драматургиясын «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Бесінші бұрыш» пьесаларымен байытты.

Шерхан Мұртаза 1932 жылдың 28 қыркүйегінде, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. Өмірден 2018 жылдың 8 қазанында, Алматы қаласында өтті.

Болашақ жазушы 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіреді.

1955 — 56 жылдары Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында, 1956 — 60 жылдары қазіргі «Жас алаш» газетінде, 1960 — 63 жылы қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, әдеби қызметкер, редактор болып жұмыс істеді. 1970 — 72 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1 «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ, Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитет мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитет мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы сияқты қоғамдық қызметтерді қатар алып жүрді.

1990-1993 жылдары ҚазКСР Халық депутаты, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің, 1999-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым депутаты болды.

Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас (қазіргі «Жас Алаш»), «Егемен Қазақстан, «Қазақ әдебиеті» газеттерін басқарып тұрған кезеңде қазақ журналистикасына талай танымал есім келіп, республикалық басылымдардың оқырман саны артты. Осының бәрін «Шерханның шекпенінен» шыққан шәкірттері жазушының есімімен байланыстырып жүр.

Сол «Шерханның шекпенінен» шыққан танымал есімдердің бірі – Оралхан Бөкей. Бүгін оның дүниеге келгеніне 79 жыл толып отыр.

Алтай жыршысының жазғы таңдай жарқ етіп өткен өмірі ұлы арман ауылда оқымай қалған адамды да шыңға шығарып, қол жетпестей көрген білім теңізіне жолдама алып беретінін көрсетіп тұр.

Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Ресей шекарасының түйіскен тұсын кезінде түгелдей қазақ мекен еткенін, бұл мекен түркілердің түп қонысы екенін қара сөздің құдыретімен дәлелдеуге өмірін сарп еткен қаламгердің «Айпара ана», «Зымырайды пойыздар», «Атаукере», «Мұзтау» сияқты сүйекті шығармаларында көтерген проблемалар қазақ қоғамында әлі де өзектілігін жойған жоқ.

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.

Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін тәмамдап, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды.

1965-1968 жылдары ол сол кездегі Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» (қазір «Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды.

1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне Шерхан Мұртазаның шақыруы бойынша келеді. Оның қаламы қарымды журналист, шебер жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер еткенін замандастары да жиі айтады.

1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.

Жазушы 1993 жылы 17 мамырда Үндістанда іссапарда жүріп қайтыс болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары