Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов расымен қамауда отыр ма? Бұл сауалды журналистер бүгін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке жолдады.
«Қазір істі (Мәсімовтың – авт.) арнайы прокурорлар тергеп жатқан жоқ. Іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінде. Іске құпиялылық грифі берілген. Сол себепті іс материалдары жариялануға жатпайды. Осы іс туралы білетін белгілі бір адамдар ғана бар. Бізде дәл осы істі тергейтін белгілі бір прокурорлар тобы бар», - деді Әсет Шындалиев мәжіліс кулуарында.
Шындалиевтің сөзінше, «ҰКҚ ақпаратына сәйкес, осы іс бойынша тергеліп жатқан адамдардың бәрі қамауда, ешкім ешқайда кеткен жоқ».
«Қазір істі тергеу аяқталды. Іс-материалдарымен танысу жүріп жатыр. Тәртіп бойынша іспен танысады. Ол бір ай емес, екі-үш айды алуы мүмкін. Танысқан соң арыздарын береді. Тергеуші ол арыздарды қарайды. Ол арыздарды қарағаннан кейін прокурорға жібереді. Прокурор оны қарайды да, сотқа жібереді», - деді ол.
Естеріңізге салсақ, Қаңтар оқиғасынан кейін 11 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынған. Мәсімовке «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылды. Тергеу амалдарына байланысты қамауда ұстау мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды.