Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде азап көргенін айтқан қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов ұсталғандарға қарсы қылмыс жасауға қатысы бар оннан астам полицейді танығанын мәлімдеді. Оның сөзінше, олардың арасында беделді қызмет атқаратындар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Викрам Рузахунов Алматы облысында болған екі күн ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен құқық қорғаушылар оның жеке қатысуымен үлкен жұмыстар атқарғанын жеткізген.
"Күн сайын таңертеңнен кешке дейін тергеушімен бірге белсенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде менен істің мән-жайы бойынша – үзілісті ескере отырып, бес сағат бойы жауап алды. Алматы облысының әскери және полиция қызметкерлері 2022 жылдың 7 қаңтары мен 10 қаңтары аралығында болған оқиғалардың хронологиясын жасап, қылмыс болған жерге барды. Мен жасалған қылмыс туралы егжей-тегжейлі баяндап бердім", - деп жазады Викрам Facebook парақшасында.
Сондай-ақ қырғыз пианисті ұсталғандарға қарсы қылмыс жасауға қатысы бар деп айыпталған Алматы облысы ішкі істер департаменті (ІІД) қызметкерлерін танығанын айтты.
"348 фотоның ішінен оннан астам адамның суретін таныдым. Мұнда келу арқылы біз бұл сапардың қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбедік, өйткені мен таныған қызметкерлер осы күнге дейін беделді қызметтерде отыр", - деп жалғады ол.
Викрам Рузахунов алдағы уақытта өзі таныған адамдармен жүзбе-жүз кездесулері қажет екенін қосты.
Еске салайық, 9 қаңтар күні Қазақстанның мемлекеттік телеарнасы 2 қаңтарда Алматыға билет сатып алғанын және митингілерге қатысқаны үшін Қырғызстаннан 90 мың теңге алуға келгенін айтқан, әбден соққыға жығылған азаматты көрсетті. Алайда бұл азаматты көпшілік бірден танып, оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Халық арасындағы резонанстан кейін Рузахуновты дереу отанына қайтарған. Ал 10 ақпанда музыкант өзін қазақстандық күш құрылымдары азаптағанын, өлімнен әзер аман қалғанын айтқан.
14 ақпанда Қазақстанда Рузахуновты азаптау фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. 17 ақпанда Қырғызстан прокуратурасы да Рузахуновты азаптау фактісі бойынша іс қозғаған болып шықты.
2 шілдеде Қазақстанда Рузахуновтың денсаулығына келтірілген зиян "ауыр" деп танылғаны туралы жазған болатынбыз.
26 қыркүйекте Викрамның Қазақстанға келгені белгілі болған. Ол жәбірленуші ретінде Алматы облысы бойынша жедел-іздестіру шараларына қатысып жатыр.