Ақтөбе қаласындағы №74 мектептің бірінші сынып оқушыларына ревакцинация жасағаннан кейін екпе салынған жер қызарып, іріңдеп кеткен. Кейін балаларға сынама жүргізілмей, бірден БЦЖ салынғаны белгілі болды.
Қазір Қылмыстық кодекстің 317 бабы, яғни медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24".
Қаладағы №74 орта мектептің бірінші сынып оқушыларына ревакцинация жасағаннан кейін екпе салған жер қызарып, іріңдеп кеткен. Кейін белгілі болғандай, балаларға мантудың орнына бірден БЦЖ салынған. Әрі медицина қызметкерлері екпені әдеттегідей иыққа емес, білекке салған.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокурорының орынбасары Қанат Қазмұханбетовтің айтуынша, қазір бұл деректі уәкілетті органдар тексеріп жатыр.
"Ол мектеп 2020 жылдан бастап "Медикус центр" орталығымен медициналық кабинетті қайтарымсыз жалға алуға келісім-шартқа отырып, медициналық қызметті жүргізген. Бұл қылмыстық істі Ақтөбе облысының прокуроры Дәуешов жеке бақылауына алды", деді Қанат Қазмұханбетов.