Қазақстан-Ресей шекарасында қазақстандықтардың кедергісіз өтуі үшін жеке жол жолақтары бөлінген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Primeminister-ге сілтеме жасап.
Бүгін Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов тиісті инфрақұрылымы бар өткізу пункттерінде Қазақстан азаматтары, жүк көлігі және шетелдіктер үшін жеке жол жолақтары бөлінгенін хабарлады.
"Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары үшін шекарадан өту бойынша проблемалар жоқ", - деді ол.
Премьер-Министр жекелеген өткізу пункттерінде әлі де болса ұзын-сонар кезек барын айтты.
"Ресейдің шекара қызметімен өзара іс-қимылды күшейту керек, екі жақтан да адамдар жиналып қалмауы үшін бірыңғай алгоритм әзірлеу қажет. Себебі бұл бизнес пен халықтың орынды наразылығын тудырады", - деді Әлихан Смайылов.