Ақпан айында халықаралық іздеу жарияланған вайнер Әзімжан Саидбаев Түркияда қолға түскен, деп хабарлайды Экспресс К.
Алматы қаласының полиция департаменті "Қаржылық инвестициялық пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы бойынша күдікке ілінген Әзімжан Саидбаевқа халықаралық іздеу жариялаған. Бірақ жеті айдан бері хабар болмаған. Ал онымен бірге осы іске қатысы бар деп күдікке ілінген Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауда отыр.
Журналист Михаил Козачков бүгін вайнердің Түркияда ұсталғанын жазды.
Түркияда халықаралық іздеуде жүрген комик-актер "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген Әзімжан Саидбаев ұсталды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірі ретінде де айыпталуы мүмкін, - деп жазды журналист.
Бірақ Қазақстан интерполы бұл ақпаратты әзірге растамай отыр.
Әзімжан Саидбаев 1986 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. Актер, вайнер ретінде Қазақстанда танылған. Тергеушілердің айтуынша, Төребаев, Саидбаев және Шерниязов "Mudarabah capital" қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, компанияның ортақ иелері ретінде тұрақты түрде табыс алып отырған.