$ 494.87  520.65  4.91

«Фильм әзірленді»: Бүгін ұстаздар мерекесі тойланады

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша елімізде 555 014 педагог бар.
Фото: ашықдереккөзден
Фото: ашықдереккөзден

Жыл сайын елімізде қазанның алғашқы жексенбісі ұстаздар күні мерекесі ретінде аталып өтеді.

Ұстаз – қасиетті ұғым. Ұлы Абай «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» десе, Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген еді.

Еске салсақ, ұстаздар күні мерекесі 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығымен бекітілген.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2021-2022 оқу жылында елімізде 555 014 педагог еңбек етті.

Былтырғы оқу жылының басында мектепке дейінгі ұйымдарда 96 723 педагог болса, оның ішінде:

30 жасқа дейінгі педагогтер – 22,7% (21 931 адам);

30-дан 39 жасқа дейінгі педагогтер – 32,4% (31 363 адам);

40-тан 49 жасқа дейінгі педагогтер - 26,1% (25 259 адам);

50-ден 59 жасқа дейін – 16,2% (15 662 адам);

50 жастан жоғары – 2,6% (2 508 адам);

зейнеткерлік жаста – 2,5% (2 445 адам).

Ал жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының саны - өткен оқу жылында 385 830 адам болды, оның ішінде 80% астамы - әйел (311 623 адам).

Сондай-ақ, елімізде 36 378 педагог жоғары оқу орнында еңбек етіп жатыр.

Бүгінде ұстаздар беделін арттыруға қатысты іске асып жатқан реформалар мен жаңашылдықтар бар. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артты. Бұл мақсатта алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге бөлінетіні айтылды.

Бұдан бөлек, Президент биыл Қазақстан халқына Жолдауында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандарты қабылданатынын айтты.

«Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, жақында «Педагог» кәсіби стандарты қабылданады. Ол бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім еткен еді.

Сонымен қатар дәстүрге айналған республикалық «Үздік педагог-2022» байқауына өтінім саны биыл рекордты көрсеткішке жетті. Еліміздің әр өңірінен 5 мыңнан астам мұғалім мен тәрбиеші қатысуға ниет білдірген.

Айта кетсек, биыл мереке қарсаңында ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұстаз еңбегі туралы деректі фильм әзірледі. Фильмде мұғалімдердің күнделікті өмірі, олардың еңбегінің маңызы, жетістіктері, қызығушылықтары, тәжірибесі мен білімі көрсетіледі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мұғалімдер