«Қазақстан тарихы» интернет-жобасында мемлекет және қоғам қайраткері, халқының адал перзенті, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағын құруға ат салысқан қайраткерлердің бірі Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы деректі фильм жарық көрді.
«Әулет» сериясымен түсіріліп жатқан деректі фильмдер топтамасының бұл жолғы саны Жеңісхан Дүзелбайұлына арналыпты. Фильмнің авторы – Алтынбек Құмырзақұлы. Фильмде аңыз тұлғаның өмір жолы мен елдік жолындағы күресі толықтай баяндалған. Туындыда ел көп біле бермейтін деректер қамтылған.
«Қазақстан тарихы интернет-жобасы жыл басында «Әулет» жобасын түсіруді қолға алған болатын. Бұл бағдарлама қазақтағы текті (аристократ) кім, ол қалай қалыптасады деген гамлетті сұраққа жауап іздейді. Бағдарлама аясында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев тағы басқа алыптар әулеті туралы фильмдер түсірді. Кезекті фильмімізді Моңғолия қазақтарына белгілі тарихи тұлға, аңыз адам, Баян-Өлгей аймағын құруға атсалысқан қайраткерлердің бірі – Жеңісхан Дүзелбайұлына арнадық» - дейді А. Құмырзақұлы.
Жоба жетекшісінің айтуынша, «Әулет» бағдарламасы арқылы жастарға зиялы ұғымының мағынасын ұғындырып, болашақ ұрпақтың бойына ұлтжандылық қасиет ұялатып, тарихты қастерлеуге шақырады.
Жеңісхан Дүзелбайұлы - 1906 жылы Баян Өлгий аймағының Улаанхус сұмынының Дайын өлкесінде Дүзелбайдың тұңғыш ұлы болып дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып жастайынан жетім қалған. Шешесі Әніштің қолында бауырлары Әзімхан, Жүнісхан, Мінісхан, Рысхандармен бірге тәрбиеленді. Жеңісхан өз бетінше арабша хат танып, Ақбалшықта малдың шикізатын алатын Иван деген орысқа қызметке кіріп, малдың өнімін жинады. 1930-жылы Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға түсіп, 1932-жылы бітірді. 1932-1936 жылы Шеруші хошууның сауда бөлімшесінің бастығы. 1936-1940 жылдары Қобда аймағының Сауда ұйымының бастығы қызметірін атқарады. 1940-жылы Ұлы Хуралдың 8-съезіне өкіл болып қатысады. 1943-1951 жылдары Баян-Өлгий аймағының басшысы. 1951-1964 жылдары авто өртеңнің аймақтық бөлімшесі, Монголбанктің аймақтық бөлімшесі бастығы қызметтерін атқарып, 1964-жылы дербес зейнеткерлікке шығады.
Мемлекеттік Ұлы Хуралдың 8, 9, 10-съездеріне, МХРП-ның 11, 12, 17, 18-сьездеріне делегат болып сайланған. Шығыс Түркістанды азат ету майданына қатысып, неміс маузерімен сыйланған.
Монғолия Үкіметі еңбегін жоғары бағалап, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен 2 мәрте, «Алтын жұлдыз» орденімен 2 мәрте және «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Біз жеңдік», «Жапонияны жеңудің 30 жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталған. «Халық Революциялық күрестің аға қайраткері» атағына ие болған.