Ақтөбеде дәрігерлер тірі адамды өлілердің қатарына қосып жіберген. Соның кесірінен 68 жастағы Ромахан Кенжебаевтың бар құжаты жарамсыз. Тіпті есепшотындағы зейнетақысы мен айлығын да ала алмай отыр, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, емхана қызметкерлері тіркеудегі науқастардың жеке сәйкестендіру нөмірін тергенде қате жіберіп, Кенжебаевтың жеке мәліметі өлілердің қатарына қосылып кеткен. Құжаттарында бір апта бұрын "жаназасы шығарылып, жерленіпті". Соның кесірінен барлық банк карточкасы бұғатталып, жүргізуші куәлігінен бастап, шетелге шығатын паспортына дейін жарамсыз болып қалған.
"Емханаға бардым. Компьютерде мені өлді деп көрсетіп тұр. Қалай? Мен тірімін ғой десем. "Жоқ, сен өліп қалдың" дейді. Жүгіріп ХҚКО-ға бардым. Айлық ала алмай отырмын. Барлық есепшотым бұғатталған", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ромахан Кенжебаев. Ромахан Кенжебаевтың айтуынша, қатені Ақтөбедегі №4 емхананың қызметкерлері жіберген.
"Емханадағы қайтыс болғандарды компьютерге тіркеу кезінде дәрігер қателесіпті. ЖСН-нің соңғы цифрын дұрыс жазбай, осы кісінің мәліметі шығып кетіпті", - дейді №4 емхананың бас дәрігері Мереке Нұртазин.
Емхана басшылары кеткен қатені мойындап, зейнеткердің бар шығынын өтейміз деп отыр. Ол үшін дәрігер-сарапшы нотариус арқылы қолхат та берген. Бірақ Ромахан Кенжебаевтың тірілер қатарына құжат жүзінде қашан қосылары белгісіз. Себебі, жаңа сәйкестендіру нөмірі беріліп, сол бойынша барлық куәлігі мен паспортын жаңалау керек.