Семейде өртсөндірушілер тұрғын үйлерді өрттен аман алып қалды. Үйлерден 100 метр қашықта бірнеше гектар қамыс өртенген, қатты жел салдарынан өрт кез келген уақытта таралуы мүмкін еді, - деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
16 қазанда сағат 18:00 шамасында Семей қаласының Пржевальский көшесі бойындағы ашық жерде үш гектар аумақта қамыс өртенді.
"Жақын жердегі тұрғын үй секторы өрт ошағынан 100-150 метр қашықта болды. Өрт шыққан орынға облыстың Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік күштері мен құралдары жіберілді. Елуден аса өртсөндіруші күшімен өрт ауыздықталды. Өрттің жеке тұрғын үй секторына таралу қаупі жойылды, зардап шеккендер жоқ. Сағат 20:22-де өрт сөндірілді", - деді Иманқұлов.
Өрт сөндірілгеніне қарамастан, периметрді күзету және қайта тұтануды болдырмау мақсатында өрт орнында техника мен жеке құрам әлі де кезекшілік етіп жатқаны айтылды.