$ 494.87  520.65  4.91

Алматы маңынан сақ жауынгері жерленген қорған табылды

Бұл жерде жатқан жауынгердің моласы бұрын-соңды қазылмаған, оның алтындарын ешкім алып кетпеген.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz

16 қазан күні Алматы археологтары қаланың Алатау ауданынан біздің дәуірімізге дейінгі V-II ғасырда жерленген сақ жауынгерін тапты. Бұл жолғы табылған қорғанның ерекшелігі – оның бұрын-соңды түртілмеуінде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазба жұмысы бір апта бұрын басталған. Археологтар қазған қабір шұңқырында алтынмен безендірілген қылыштың сынықтары, аң бейнеленген киімнің элементтері, күміс қорытпасынан жасалған киім және сақ жауынгерінің денесі жатыр. Жауынгер 3 метрден астам тереңдікте орналасқан ағаш жәшікте болған.

Бұл жолы табылған сақ жауынгерінің ерекшелігі неде?

Алматы Музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері, археолог Марат Нұрпейісовтің айтуынша, Алатау ауданындағы бұл қорым 1970 жылдардан бері танымал. Археологтар осы жерде қорған барын білген соң дәл осы аймақта қазба жұмысын бастаған. Бірақ бұл жер электр жеткізу желісі бар техникалық коммуникация аймағы болып саналады. Сондықтан дәл осы жерді қазуға рұқсат алу біраз уақытқа созылыпты.

Жұмысшылар ешқандай көлік пен техниканың көмегінсіз бәрін қолмен қазған. Мамандар бұрын қазылған топырақ екенін байқап, әрі қарай жұмысты жалғастыра берген. Бірақ, қорған екенін үлкен тастардан байқаған. Әуелі үлкен тастар, содан соң ағаш жәшік қалдықтары шыға бастағанда мамандар бұл жерде мүрде бар екенін білді.

“Қазба жұмысы жыл сайын жүргізілгенімен мұндай сәтті олжалар сирек кездеседі. Мына жерде 3 тоннадай тас бар шығар. Тастарды ақтарғаннан кейін ағаштың қалдықтарын байқадық. Бұл - адам жерленгенінің нақты белгісі. Адам денесі ағаш жәшікке салынған. Органикадан соң темір байқалды. Ол - жауынгердің қолындағы қылыштың жүзі. Ал қылыштың сабы алтыннан. Сонымен қатар, мұнда үш түйір алтын жатыр. Олар - киім мен қылыштың бөліктері. Алтында мысықтың тұмсығы бейнеленген. Осындай белгілердің бәрін ескере келе, біз мұнда V-II ғасырда өмір сүрген жасы 50-ден асқан сақ жауынгері жерленген деп топшылап отырмыз. Әлі денеге толықтай зерттеу жасалады”, - деді Алматы Музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері, археолог Марат Нұрпейісов.

Археологтар жауынгердің бас сүйегін бүгін ғана тапқан. Мамандардың айтуынша, дене жойыла бастағанда бас кеудеден бөлініп кеткенге ұқсайды. Сонымен қатар жауынгер адам қолынан қаза тапқан болуы мүмкін. Себебі бас жарақаты байқалады.

Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова соңғы рет сақ жауынгері 2014 жылы осы Алатау ауданында табылғанын еске салды. Одан кейінгі жылдары дәл мұндай жәдігер табылмаған еді.

Жауынгер денесі мен алтын бұйымдар қайда жіберіледі?

“Дәл қазіргі уақытта түртілмеген, тоналмаған мүрдені табу қиын. Ал бұл жерде жатқан жауынгердің моласы бұрын-соңды қазылмаған, оның алтындарын ешкім алып кетпеген. Сол себепті бұны үлкен жаңалық деп айта аламыз”, - деді Алматы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова. 

Қазба жұмысы әлі аяқталған жоқ, жалғасып жатыр. Ләззат Сағындықованың айтуынша, сол себепті тағы жаңалықтар болып қалуы мүмкін.

“Қазба жұмысының нәтижесінде табылған заттар консервациядан өтеді, зерттеледі. Зерттеліп болған соң, Алматы қаласы тарихы музейінің экспозициясына қойылады”, -Ләззат Сағындықова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары