Жоғарғы Сот өкілі Алматы облысы прокуратурасының казино ойнаған судьялар туралы құжатына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Әлеуметтік желілерде таралған Алматы облысы прокуратурасының хатына қатысты айтар болсақ, Жоғарғы Соттың 7 өкілінің ойын мекемелеріне баруы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз Алматы облысының прокуратурасына хабарласып, осы қатені түзетуді сұрадық. Жоғарғы Соттың судьялары да, Жоғарғы Сот аппаратының қызметкерлері де бұл тізімде жоқ екенін тағы да атап өткім келеді", - деді Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов.
Ол сот жүйесінде 2 286 судья мен 6 015 мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін нақтылап, прокуратура құжатында кім туралы айтылғанын түсіндірді.
"Әңгіме 3 судья мен 4 өңірдің мемлекеттік қызметшілері туралы болып отыр. Судьялар бойынша. Олардың бірі 2020 жылы жұмыстан шығарылды. Сот жюриі екінші судьяны басқа себеп бойынша қызметінен босатуды ұсынды. Үшінші судья 2021 жылы сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия ұсынысы бойынша Алматы сотынан ауылдық жерлердегі аудандық сотқа ең аз жүктемемен ауыстырылды.
Осы дерек бойынша судьяның материалдары судьялық әдеп жөніндегі комиссия қарауына беріледі. Сот жүйесі кездейсоқ келген әрі бұл орынға лайықсыз судьялардан арылатыны анық", - деді Жұмақсанов.
Ол мемлекеттік қызметшілерге қатысты айтып, сот жүйесінің бір қызметкері 2021 жылы өз еркімен жұмыстан шыққанын, ал қалғандарына қатысты қызметтік тергеулер басталғанын түсіндірді.
Еске салайық, Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залдарына тексеріс жүргізіп, 305 шенеунік казиноға 507 миллион теңге жұмсағанын анықтаған еді.