26.10.2022, 15:00

Алматы облысында жоғалған жасөспірім бір ай бойы далада түнеген

Бала 40 күннен астам уақыт бойы ата-анасынан жасырынып, егістік алқабында жүрген.

Алматы облысында бір айдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен жасөспірім табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 11 қыркүйекте жоғалып кеткен 14 жастағы баланы 26 қазанда еріктілер тауып алған. Жасөспірім осы уақыт бойы далада түнеп, адамдардың көзіне түспеуге тырысып жүрген.

«Талғар ауданы Сақтан ауылында кәмелетке толмаған бала табылды. Белгілі болғандай, бала 40 күннен астам уақыт бойы ата-анасынан жасырынып жүрген. Ол егіс алқабында тұрып, адамдардың көзіне түспеуге тырысқан», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Баланың әкесі көмек көрсеткен полицейлерге алғысын білдіргенімен, жасөспірімнің өзі қуанбаған.

Белгілі болғандай, бұған дейін де бірнеше рет үйінен қашып кеткен жасөспірім ата-анасымен тұрудан бас тартқан. Сондықтан облыстық қорғаншылық және қамқоршылық департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, ювеналдық полиция өкілдері комиссия құрып, баланың алдағы тағдырын шешетін болады.