Атыраулық спортшы Ришат Ғалиахметов гір көтеруден әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Үндістан елінің Нью-Дели қаласында гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионатқа әлемнің 13 елінен 234 атлет қатысуда.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсететін атыраулық үш спортшы бар. Мәселен, жарыстың алғашқы күнінде Ришат Ғалиахметов 65 салмақта ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанды.
«Әлем чемпионатына ел намысын қорғауға Атырау облысынан үш спортшымыз қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде 95 келіде Ришат Галиахметов әлем чемпионы атанып отыр. Енді екі спортшымыз Досқали Досқалиев 90 келіде, Алпамыс Айтмұханов 73 келі салмақта бақ сынайтын болады», - дейді аға жаттықтырушы Сергей Гридчин.
Оның айтуынша, аталған спортшылар гір көтерумен біраз жылдан бері айналысады. Ал әлем чемпионы Ришат Ғалиахметов спорттың аталған түрін серік еткеніне 10 жыл болған. Ол сондай-ақ биыл Ақмола облысындағы Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатында алтын жүлдені иеленген.