31.10.2022, 16:20

Сеулдегі Хэллоуинде қаза болған ақтөбелік Мәдина Шерниязова Кореяда магистратурада оқып жүрген

Күйеуім Бейбіт Сеулге арнайы рейспен ұшу үшін Алматыға кетті. Ертең қызымыздың сүйегін Ақтөбеге жеткізіп қалар деп үміттеніп отырмыз.

29 қазанда Сеулде Хэллоуин мерекесі кезінде қаза болған Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәдина Шерниязова Сеулдегі университеттің бірінде магистратурада оқып жүрген.

Анасы Гүлбану Ешниязованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Мәдина Хэллоуин мерекесіне бара жатып, әпкесіне видеобайланыспен хабарласқан. Достарымен бірге екенін, мерекелік көңіл-күйлерін көрсеткен.

26 жастағы Мәдина Шерниязова Ақтөбе қаласындағы №27 орта мектепте оқыған. Татарстан астанасы Қазан федералды университетінің шығыстану факультетін корей тілі бойынша бітіріп, Сеул қаласындағы жоғары оқу орындардың біріне магистратураға түскен.

№27 орта мектеп директорының орынбасары Алтынгүл Аткиева Мәдина Шерниязованы бала кезінен тіл үйренуге бейім болды деп сипаттайды.

- Мектебіміздің 2013 жылғы түлегі еді. Өте жақсы оқыды, тіл үйренуге бейім болды. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын сыныпты бітірді. Сонан соң Қазан университетіне түсті, - дейді ол.

Анасы Гүлбану Шерниязованың сөзінше, Мәдина - отбасындағы екі қыздың кішісі, сегізінші сыныптан корей тілін оқыған.

- Күйеуім Бейбіт Сеулге арнайы рейспен ұшу үшін Алматыға кетті. Ертең қызымыздың сүйегін Ақтөбеге жеткізіп қалар деп үміттеніп отырмыз. Қазақстаның Оңтүстік Кореядағы елшілігі хабарласып, көмектесуге уәде берді, - дейді Гүлбану Шерниязова.

Сеулдегі Хэллоуин кезінде Ақтөбе облысында туған 1996 жылғы Қазақстан азаматы да қаза болғанын кеше Қазақстан сыртқы істер министрлігі Телеграм-арнасында хабарлаған.

"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста, құжаттарды рәсімдеу мен мәйітті Қазақстанға жеткізу бойынша қажетті көмек көрсетіп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Қазақстан СІМ-іне ақпаратты Сеул полициясының жедел штабы хабар берген. Бұған дейін оқиғадан қаза болған 151 адамның 19-ы шетелдік екені хабарланған еді.

Хэллоуинді тойлау Гамильтон қонақ үйі маңындағы тар көшелердің бірінде болған. Адамдардың сығылысып, бір-бірін таптап кетуіне не түрткі болғаны белгісіз.

Ауданға шамамен 100 мың адам жиналған деп айтылады. Басым бөлігі 20-25-тегі жастар.

Дереккөз: azattyq.org