"СНПС Ақтөбемұнайгаз" АҚ мұнай өндіруші компаниясы "Кеңқияқмұнай" МГӨБ кен орнында мұнай аралас сұйықтықтың сыртқа аққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқыс оқиға 29 қазанда сағат 22:30 шамасында орын алды. Компания бұл туралы деректерді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдады.
"№797 ұңғымада негізгі оқпанның дәнекерленген жері ашылып кетті. Ластанған алаңның көлемі 3 168 шаршы метрді құрайды. Апаттың салдарын жою ісімен "Ақберен" ЖШС айналысып жатыр. Апат орнын тексеру кезінде ұңғымадан мұнай аралас сұйықтықтың әлі ағып жатқаны анықталды", - деді ведомстводан.
"Мой город" порталы нақтылап өткендей, оқиға орнына жеткен инспектор ластанған аумақты өлшеп, сынама алды. Кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен акт жасалды. Департамент жоспардан тыс тексеруді тағайындауға ниетті.