06.11.2022, 05:20

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына сегізінші медаль түсті

Қоржында кем дегенде қола жүлде бар.

Иорданияның Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Дариға Шәкімова жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Д.Шәкімова бастапқы кездесуін үндістандық Пуджамен өткізді.

Бірінші раундта төрешілердің төртеуі жеңісті үндістандық боксшыға берген. Дегенмен Дариға таразы басын өзіне аудара білді. Керісінше Дариға Шәкімованы қаусыра құшақтай берген Пуджа екі рет ескерту алды.

Осылайша, Д.Шәкімова 70 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шықты. Бұл – кемінде қола жүлде қолда деген сөз.

Тағы бір қазақстандық, ел чемпионы Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта жапониялық Кито Маимен шеберлік байқасты.

Бұл жекпе-жек өте тартысты өтіп, төрешілер 3:2 есебімен жеңісті жапониялық боксшыға берді. Сөйтіп А.Әбікеева жартылай финалға шыға алмай, жүлдесіз қалды. Сонымен қатар бүгін әлем және Азия чемпионы Валентина Хальзованың жолы болмады. Ол 75 келіге дейінгі салмақта үндістандық Ловлина Боргохаиннан ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында 19 жастағы Санжар Тәшкенбайдың өзбекстандық боксшыны ұтқанын жазған болатынбыз.

Азия чемпионатында қазақстандық 6 боксшының рингке шығатыны хабарланды.

Сондай-ақ Жазира Орақбаева жартылай финалға жолдама алды.

Жайна Шекербекова Азия чемпионатының жартылай финалына өтті.

Карина Ибрагимова жүлдегерлер қатарына қосылды.

Сәкен Бибосынов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты.

Сәкен Бибосынов финалға шығу үшін өзі сияқты әлем чемпионы, жапониялық Томоя Цубоймен таласады.