Риддерде жылу электр орталығында болған төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі шұғыл түрде штаб құрылды. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Белгілі болғандай, 5 қарашада сағат 20.00-де «Риддер-ЖЭО» АҚ-ның күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан салқындатқыш температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.
«Шұғыл түрде менің басшылығыммен апатты жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, "Өскемен жылу желілері" АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда», - деді Даниал Ахметов.
Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді.
Сондай-ақ Өскеменнен көмек ретінде «Востоквзрывпром» ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Сонымен қатар қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді. Риддер қаласының білім бөлімі басшысының м.а. бұйрығымен 7-11 қарашадан бастап мектеп оқушылары қашықтан оқыту формасына көшеді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады.
«Бүгінде жағдай ерекше бақылауға алынған. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», - деді Д. Ахметов.