Белгісіз біреулер Сеулдегі қарбалас кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматының денесін отанына жеткізу үшін ақша жинау акциясын жариялады. Бұл туралы 7 қарашада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, Қазақстанның Сеулдегі елшілігі барлық қажетті шараларды қабылдаған. Қайғылы оқиғаның ертеңіне Кореяның Сыртқы істер министрлігімен келіссөздер жүргізіліп, марқұмның мәйітін Ақтөбе қаласына жеткізугебарлық шығынды корей тарапы көтеретіні туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
"Марқұмның денесі 3 қарашада Алматыға, 4 қарашада Ақтөбе қаласына жеткізілді. Бірақ, өкінішке орай, осы жағдайды пайдаланып ақша тапқысы келгендер, тіпті әлеуметтік желіде жалған ақпарат жариялаған адамдар тобы бар. Корей тарапы мәйітті жөнелту бойынша барлық шығындарды толық өтегенін мәлімдейміз. Ал қыздың денесін Қазақстанға жеткізуге ақша жетпей жатыр деген ақпараттың барлығы өтірік", дейді Айбек Смадияров, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
30 қазан күні Корея астанасында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде Қазақстан азаматы, 26 жастағы Мәдина Шерниязова қайтыс болды.
Сол күні Сеул қаласының орталығында Хэллоуин мерекесін тойлау барысында топтық қақтығыс болып, ондаған адам зардап шекті. 151 адам қайтыс болды. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл ұлттық аза тұту күнін жариялады.