10.11.2022, 10:00

Астаналық әйел бейтаныс адаммен некеде тұрғанын 21 жылдан кейін білген

Астана тұрғыны 2001 жылдан бері бейтаныс азаматпен заңды некеде екенін е-gov.kz арқылы ғана білген.

Астана тұрғыны 2001 жылдан бері бейтаныс азаматпен заңды некеде екенін е-gov.kz арқылы ғана білген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жалған акті жазбасының күшін жою туралы сұрақпен ол тіркеуші органға жүгініпті. Алайда некеде тұрған адаммен бірге азаматтық хал актілерін тіркеу органына келіп, осы акті жазбасының күшін жою туралы бірлескен өтініш жазуы қажет болған.

«Азамат Е. акті жазбасының күшін жою туралы арызбен азаматтық хал актілерін тіркеу органына бірлесіп жүгінуден үзілді-кесілді бас тартты. Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен талапкер Астана қаласының Әділет департаментіне шағыммен жүгінген, алайда «актілік жазбаның қағаз нұсқасында некеге тұрғандардың қолдары жоқ» деп көрсетілген ұқсас жауап алған», - деп мәлім етті  Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.

Осыдан кейін азаматша Астана қаласының әкімшілік сотына жауапкерді некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы қолайлы әкімшілік акті қабылдауға мәжбүрлеу туралы талаппен жүгінді.

Судья соттың белсенді рөлі қағидатын қолдана отырып және дауды қараудың құқықтық салдарын түсіндіре отырып, тараптармен әңгіме жүргізді.

«Нәтижесі бойынша келісім бекітілді, оның шарттарына сәйкес Әкімнің Аппараты азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген некені тіркеу туралы актілік жазбаның күшін жою туралы әкімшілік қолайлы акті қабылдауға міндеттенеді», - делінген соттың хабарламасында.