Алматыда автобустардың жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты туыстары жер қойнына тапсырды. Марқұмның жақындары 37 жастағы жігіт қайғылы оқиға болған сәтте №98 бағыттағы автобустың ішінде болғанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Олар City bus тасымалдаушы компаниясында тағылымдамадан өтіп жүрген азамат қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында жүргізушінің жанында тұрды дейді. Бірақ қос автобус соқтығысқанда марқұм автобустың салонынан сыртқа қарай құлап, оны қоғамдық көлік жаншып өткен.
Мұхит Исаханов үйдің жалғыз асыраушысы болған. Оның артында анасы, жары мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.
«Баламның өлгеніне сенбедім. Тергеуші хабарлап айтты. Қайта-қайта сұрадым. Ақыры баламнан айырылып қалғанымды түсіндім. Негізі, мамандығы шофер ғой. Алдында Байсерке маршрутында істеді. Баламның артында екі баласы қалды. Оңай емес. Келінім қалды, жап-жас. Балам жастай кетті», - деп көз жасына ерік берді М. Исахановтың анасы Қарлығаш Исаханова.
Марқұмның жақындары Мұхит қайғылы оқиға күні №98 автобустың ішінде болғанын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында «жүргізушінің жанында тұрған» дейді туыстары. Жолаушы тасымалдау ісінде ұзақ жыл тәжірибесі бар азамат «Сити бас» компаниясы сұраған қажет құжаттарды да жинап тапсыруға тиіс болған. Бірақ ол жүргізуші ретінде жұмысқа сол күйі орналаса алмай кетті.
«Абылайхан көшесімен көтерілген №98 автобустың ішінде болды. Алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған. Машина ұрылғанда есіктен ұшып кеткен. Мынау ұрып, онымен қоса үстінен мыжып кеткен. Быт-шытын шығарған ғой... Несие төлеймін, қу дүниенің артынан тіршілік жасаймын деп барды ғой жұмыс іздеп», - деп ашынады М.Исахановтың әпкесі Мөлдір Исаханова.
Қос қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте №98 автобустың есік-терезесінен үш адамның сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып түскенін бейнебақылау камерасынан байқауға болады. Сол кезде жерге оңбай құлаған Мұхитты салмағы ондаған тонна №201 автобус жаншып өткен. Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады. Алайда «Сити бас» серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді.
«Бірақ дәл сол күні тағылымдамадан өтуші ретінде тіркелген Мұхит автобус паркіне келмеді. Білуімізше, 8 қарашада ол № 98 автобус бағыты бойынша жолдама құжаттарын алу үшін Алматы ONAY көлік холдингіне кеткен», - делінген «City Bus» ЖШС хабарламасында.
Жол апатын жан жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу әлі жалғасып жатыр.