Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Елнұр Бейсенбаев Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтан қазақ тіліндегі сұраққа жауап беруді талап етті. Мәжілісмен «қазақша сұраққа орысша жауап беруді нонсенс» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілісте бүгін балық шаруашылығының мәселесі талқыланды. Отырыста депутат Елнұр Бейсенбаев Тимур Жақсылықовтан 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде қанша адам балықшы мамандығын игеріп шыққанын сұраған. Өз сауалында Бейсенбаев вице-министрден жауапты тек қазақ тілінде беруді талап етті.
«Бағанадан бері сізге қойылған үш сұраққа, сізге, ауыл шаруашылығы министрлігіне, шекара қызметінің (бастығының) бірінші орынбасарына қойылғандай, қазақ тіліндегі сұраққа орыс тілінде жауап беретін болсаңыз, онда жауап қайтармай-ақ қойсаңыздар болады. Өзге вице-министрден қағаз түріндегі жауапты алып аламын. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілде қойылған қазақша сұрағына өзге, орыс тілінде жауап беруді нонсенс деп санаймын», - деді депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Тимур Жақсылықов алдағы ноутбугына қарап, сұраққа жауапты оқып берді. Алайда ол жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай жүзеге асқанын айтып кетті. Нақты жауап бере алмады. Оның жауабына қанағаттанбаған Елнұр Бейсенбаев сұрақты қайталай келе ««Дипломмен ауылға» бағдарламасына қанша ақша бөлінгенін сізден жақсы білеміз» деді вице-министрге. Тимур Жақсылықов ақыры «бұл сұраққа жазбаша түрде жауап береміз» деп құтылды.