Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әнуар Есқатовты әкімдік қызметкеріне айтқан балағат сөздері үшін қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Балағат сөздер әкімдік ғимаратын күтіп ұстауға жауапты комендант әйелге айтылған.
Әкімдікте кіру және шығуды қадағалау үшін арнайы рұқсат қағаз арқылы өтетін бақылау жүйесі орнатылған. Дереккөздің хабарлауынша, қала әкімінің орынбасары бұл бақылау жүйесін айналып өткен.
28 қыркүйекте де ол бақылау жүйесін айналып өтіп, апаттық шығу есігі арқылы шыққысы келеді. Бірақ есік құлыптаулы болып шығады, бұған ашуланған Есқатов бар ашуын коменданттан алады.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент өкілдеріне коменданттың айтуынша, сол күні сағат 12:00 шамасында жертөледен бірінші қабатқа көтеріліп, ғимараттың дәлізінде қала әкімінің орынбасары Есқатовты кездестіреді. Есқатов ғимаратының артқы есігінің неге жабық екенін сұрап, күзет қызметкерінің көзінше дөрекі түрде әйелге айқайлап, балағат сөздер айта бастайды: “С***, қара есікті сен жауып қойдың” деген. Оның үстіне сол күні Есқатов әкімдіктің техникалық қызметкерінің көзінше: "Мына сұмырай артқы есікті әдейі жауып тастапты!" деп дөрекілік танытқан. Психологиялық қысымға шыдай алмаған комендант жылап кетіп қалған.
Әйел бұл жағдайды назардан тыс қалдырмауды ұйғарып, әдеп жөніндегі кеңеске арыз жазды. Қызметтік тергеу барысында барлық куәгерлер бірауыздан дауыс көтеру және балағат сөздер айту фактілері орын алғанын және Есқатов әкімдік ғимаратына кіріп-шығу кезінде бақылау жүйесін үнемі айналып өтетінін айтты.
Есқатовтың өзі түсініктеме беру кезінде балағат сөздер айтпағанын және әдепсіз сөздер айтқаны мүлде есінде жоқ екенін алға тартты.
"Әдеп жөніндегі кеңес оның мәлімдемесінен өз әрекеті үшін ешқандай өкінішін байқамады және осыған байланысты ең ауыр жаза берді", - деп атап өтті кеңес мүшелері.
Барлық уәждерді зерделеген облыстың әдеп жөніндегі кеңесі әкім орынбасарының әрекетінен мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексінің анық бұзылуын көріп, Рудный әкіміне Есқатовты қызметінен босатуды ұсынды.
Әнуар Есқатов 2017 жылдың 29 қарашасынан бері Рудный қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Мемлекеттік қызмет өтілі 15 жылдан астам, басшылық лауазымдарда 8 жылдан астам жұмыс өтілі бар.