15.11.2022, 13:00

Алматыдағы жылу құбырларының 60 пайызы тозған

Олар пайдалануға осыдан 25 жыл бұрын берілген болатын.

Алматыдағы жылу құбырларының 60 пайызы тозған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Алматы жылу желілері» ЖШС бас инженері Данияр Қазымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің сөзінше, 2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде 1352,33 шақырым жылу желілері алдын ала дайындалды.

«Алматыдағы жылу желілерінің 60%- ы ескірген. Олар пайдалануға осыдан 25 жыл бұрын берілген болатын. Биыл 4,7 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды. Жылу желілерін реконструкциялау есебінен, олардың тозуын 0,3%-ға дейін төмендетуге қол жеткіздік. 2023 жылы 17,2 шақырым жылу желілерін реконструкциялауды жоспарланып отырмыз»,- Данияр Қазымбетов.

Оның айтуынша, қазір жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде, температуралық және гидравликалық режим сақталуда. «Мегаполисте жылыту маусымы 17 қазанда басталған болатын. Коммуналдық мекемелер 8467 көпқабатты тұрғын үйді, 216 мектепті, 197 балабақшаны, 129 аурухананы тексеріп, жылыту маусымы басталмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді»,- деді ол.