Ахмет Байтұрсынұлы халқының азаттығы үшін отаршыл империямен алысып, саяси күрес майданына араласты. Басын бәйгеге тігіп, ұлтының қамын жеді. «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деп «Қазақ» газетін шығарды. Ұйқыдағы халқын «Маса» боп ызыңдап оятуға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім» деген Ұлт ұстазының халқы үшін еткен қызметі шаш етектен. Осы жолда қуғын-сүргінге ұшырап, солақай саясаттың құрбаны болды. Ал, оның «Асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі ақиқатқа айналды…
АЛАШТЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІНЕ АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ
Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Осыған орай жұма күні Алматыдағы Достық үйінде «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ар-ожданына айналған біртуар тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметін, қайраткерлігі мен күрескерлігін, шығармашылық мұрасын насихаттау болды.
Расында, түркі әлемінің ойшылдары санатына қосылған қазақ ағартушысының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын модернизациялаудағы шеберлігі мен реформаторлық өнегелі істерін бағалаудың маңызы өте зор. Жұма күнгі басқосуда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын жан-жақты ғылыми талдау, Ахметтану ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, соны көзқарастар мен жаңа тұжырымдарға жол ашу да ортақ әңгіменің өзегіне айналды.
Халықаралық конференцияға отандық және алыс-жақын шет елдерден 100-ден астам ғалым-зерттеуші қатысты. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мәмбет Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, профессор Нергиз Бирай (Түркия), профессор Гүлжанат Эрджиласун (Түркия), PhD доктор Өзгежан Кисижи (Германия), профессор Ким Сан Чоль (Оңтүстік Корея), профессор Бекир Түмен Сомунджуоглу (Түркия), PhD доктор Бахром Ирзаев (Өзбекстан) секілді ғалымдар баяндама жасады.
«Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік жолы бүкіл түркі жұртына ортақ, оның өлшеусіз еңбегін жұмыла зерттеп, саяси тұлғалық бейнесін танытатын уақыт жетті», – деді жиынға қатысушылар.
Басқосу барысында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы және Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергиз Бирайдың Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу кітабының тұсауы кесілді. Жинаққа қайраткердің бұрын-соңды жарияланбаған «Шаруашылық өзгеріс» мақаласы және орыс тіліндегі еңбектері енген.
АХМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановтың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері әлі жинақталып біткен жоқ. Сондықтан Ахаңның шығармаларына толық текстологиялық зерттеу жүргізу және әлі табылмаған, әлі жарияланбаған еңбектерін іздестіру жұмыстары бар.
«Мәселен, осы соңғы кездің өзінде Ахаңның Ленинге жазған үш хаты табылды. Осы үш хаттың өзінде Ахаңның ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы айқын көрінеді. Мұны тәуелсіз сананың тұрғысынан қайтадан зерттеу керек», – деді Кенжехан Ісләмжанұлы.
«Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы ғалым, журналист Сұлтан Хан Аққұлұлы Ахаңның айдауда жүрген кезінде «Мәдениет тарихы» деген қолжазба еңбегі болғаны, оның әзірге табылмай жатқаны туралы айтты.
«1934 жылы қуғында жүрген Ахаңды Әлихан Бөкейхан босатып алғанда, алдымен ол Мәскеуге Әлиханның үйіне барып, бір-екі күн түнеп, сол еңбегін қолжазба күйінде Әлекеңе тапсырып кеткені жөнінде әңгіме бар. Болашақта Ахаңның біз білмейтін әлі талай еңбегі табылатынына ешқандай күмән жоқ», – деп санайды Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Мәні мен маңызы зор басқосуда Ұлт ұстазы туралы аз әңгіме айтылған жоқ. Салиқалы ой, салмақты пікір де молынан ұшырасты. Оның бәрі көңіл түкпіріне жылы қонақтап қалды. Бұл бағыттағы ізденістер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ғалым мұрасы ел игілігіне айналары сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынұлына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында танымал суретші Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» көрмесі де өтті.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлының осылайша ұлықталып жатқаны қуантады. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының атын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек.
P.S. Ахмет Байтұрсынұлына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында танымал суретші Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» көрмесі де өтті.
qazaq1913.com