18.11.2022, 12:20

Жоғары айлық, шипажайда демалыс, жеке көмекші: Мемлекет министрлерді қалай қамсыздандырады

Сонымен қатар министрлерге Алматы облысы мен Бурабайдағы шипажайларға емделу үшін тегін жолдама беріледі. Ал олардың туған-туыстары Президент Іс басқармасының ауруханасында тегін емделеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада министрлер кабинетінің мүшелеріне қызметі барысында қанша айлық, оларға қандай кепілдіктер мен басымдықтар берілетіні жөнінде мәліметтерді жинақтап көрді.

Әлем бойынша 15-орын: Қазақстан қазынасында қанша алтын бар?

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кеше Сенат кулуарында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айлығын айтпады. «Мен өзім үшін жауап берем» деген министр бастығының қалтасына үңіле алмайтынын, үңілсе де тіс жармайтынын білдірді. Жалпы дәл осы мәселеге келгенде қоғамда «әркімнің өз өмірі өзінде, айлық алса өз ақшасы» дейтіндер бар. Алайда елдің бюджеті халықтың ортақ қазынасы екенін естен шығармау керек деген де пікір айтылады. Президенттің өзі де таяуда Алматыда «президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды» демеп пе еді!? Ендеше, халықтан қанша ақша алып отырғанын қатардағы шенеуніктер неліктен жасыруы керек?

Осы жылдың жазында kursiv.media ақпарат көзі Қазақстанның министрлерінің айлығы қанша екені туралы министрліктің барлығына ресми сауал жолдаған екен. 18 министрдің ішінде бірнешеуі ғана өзінің айлығын ашып жауап берген. Ақпарат көзінің хабарлауынша, ең аз айлықты (1 млн теңге) Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтың айлығы 1,3 млн теңге болса, Қаржы министрінің айлығы 1,5 млн теңге, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов 1,668 мың теңгеден алады. Қалған министрлер (орнынан кеткен бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қоспағанда) өз айлығын ашып айтуға асықпайтын секілді.  

Әйткенмен, министрлердің табысы айына осы айлықпен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Негізгі айлығымен қатар, аталған ведомстволардың басшыларына бірнеше рет берілетін сыйақы, демалысқа шыққаны үшін берілетін, емделуі үшін берілетін ақымен қосқанда бір жылда шамамен 20 айлыққа тең табыс табады.

Сонымен қатар министрлерге Алматы облысы мен Бурабайдағы шипажайларға емделу үшін тегін жолдама беріледі. Ал олардың туған-туыстары Президент Іс басқармасының ауруханасында тегін емделеді.

Мемлекет одан бөлек министрлерге жеке көмекші мен жүргізуші (автокөлік) бөліп береді.