Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында бүгін H тобында Португалия мен Гана құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Португалия футболшылары бұл біріншілікке үлкен үмітпен келді. Әсіресе, «Алтын доптың» бес дүркін иегері, 37 жастағы Криштиану Роналду үшін бұл соңғы мүмкіндік деуге болады. Осыған 2016 жылғы Еуропа чемпионатында үздік шыққан португалиялықтардың әлем біріншіліктерінде пәлендей жолы болмай келеді. Олардың еншісінде 1966 жылғы доданың қола жүлдесі ғана бар. Сондықтан Фернанду Сантуштың шәкірттері барын салатыны анық.
Бір қызығы, осы айтулы жарыс кезінде ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубы К.Роналдумен келісімшартты үзген еді. Сөйтіп Криштиану – қазір әлем чемпионатындағы клубы жоқ жалғыз ойыншы.
Португалия мен Гананың 2014 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында жолдары тоқайласып, екеуі де топтан шыға алмаған еді. Плей-офқа онда Германия мен АҚШ жолдама алды. Өзара кездесуде португалиялықтар ганалықтарды 2:1 есебімен тізе бүктіріп, жеңіс голын Роналду соққан болатын.
Бұл жолы да бірінші таймда ойын тізгінін бірден қолға алған португалиялықтардың, соның ішінде Криштианудың гол соғатындай бірнеше мүмкіндігі болды.
Екінші кезеңде америкалық төреші Исмаил Эльфат ганалық қорғаушы Мохаммед Салису Роналдуды өз айып алаңында шалып жықты деп есептеп, 62-минутта пенальти белгіледі. Криштиану 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:0.
Ганалықтар да қарап қалмай, 73-минутта сол қапталдан суырылып шыққан Мохаммед Кудустан пас алған команда капитаны Андре Айю таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.
Дегенмен 78-минутта Португалияның тағы бір жұлдызы Жоау Феликс командасын қайтадан алға шығарды. Ал арада екі минут өткенде, алаңға тыңнан қосылған Рафаэл Леау есепті 3:1-ге жеткізді. Бұл жерде Бруну Фернандештің қатарынан екінші рет нәтижелі пас бергенін айта кету керек. Алайда 89-минутта Абдул Рахман Баба сол қанатта Жоау Канселуді алдап өтіп, дәл пас берді. Мұны екінші таймда ойынға қосылған Осман Букари мүлт жіберген жоқ – 2:3. Ганалықтар қанша тырысқанымен, бұдан әріге шамасы жетпеді.
Аса тартысты өткен бәсеке 3:2 есебімен еуропалықтардың пайдасына шешілді.
Осылайша, H тобында Португалия үш ұпаймен көш бастады. Мұның алдында тең ойнаған Уругвай мен Оңтүстік Кореяның бір-бірден ұпайы бар. 28 қараша күні өтетін Оңтүстік Корея – Гана, Португалия – Уругвай матчтары біраз мәселені шешіп тастауы әбден ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Испанияның Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңгенін, Бельгияның Канада құрамасын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Испания допты ұстау жөнінен әлем чемпионаттарының рекордын орнатты.
Уругвай мен Оңтүстік Корея тең түсті.