Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет 60 жастағы пациентке LVAD - сол жақ қарыншаның механикалық қосалқы құрылғысы имплантацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысының тұрғыны 60 жастағы Ғаппар Қалиев соңғы екі жылда жүрек жеткіліксіздігімен ауырды.
Бір айдан астам уақыт ол кардиология ҒЗИ стационарында жатты.
Дәргерлердің сөзінше, науқасты ентігу мен кеуденің қысылуы, аяқтың ісінуі және бүйрек проблемалары мазалаған. Мұның бәрі өлімге әкелуі мүмкін еді.
«Операция сәтті өтті. Қазір өзімді жақсы сезінем, аяқтың ісінуі, ентігу, бас ауруы басылды, ұйықтайтын болдым. Дәрігерлерге алғысым шексіз», – дейді пациент.
Клиниканың бірінші басшысының айтуынша, екі түтігі бар, біреуі қолқаға, екіншісі жүректің сол жақ қарыншасына қосылған шағын сорғы сол жақ қарыншаның қызметін атқарады.
LVAD ұзағырақ өмір сүруге, бұрынғы өмір салтына оралуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жасанды жүрегі бар науқастың басқа адамдардан айырмашылығы – оның тамыр соғысы болмайды.
«Бұл операцияны біздің клиниканың кардиохирургтары Астана қаласындағы ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталықтағы әріптестерімен бірлесіп жасады. Біз жүрекке жоғары технологиялық операциялардың барлық түрін жасаймыз. Келешекте жүрек патологиясын емдеудің жаңа заманауи әдістерін ұлғайтуды және одан әрі енгізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті дәрігер.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Роза Қуанышбекова операциядан кейін отбасының қолдауы мен көмегі өте қажет, пациенттің өзі және оның туғандары күнделікті дәрі-дәрмек пен тұрақты медициналық күтімді қамтитын ережелерді қатаң сақтауы керек екенін атап өтті.