$ 494.87  520.65  4.91

Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған полицейдің жұбайы Президенттен араша сұрады

Ол сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көрсетілген талаптарды өрескел бұзумен басталғаны заңнан алыс адамға да аян деп отыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы Талғат Тәліпов ұсталған болатын. Тоғыз айдан бері тергеуде отырған полицейдің жұбайы Президенттен араша сұрады, деп хабарлайды Экспресс К.

Жанаргүл Әлиева — Талғат Тәліповтің жұбайы. Биыл 2 ақпанда Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу жедел тобы күйеуін қамауға алып, қылмыстық іс қозғаған. Ол тергеуге Алматы әуежайындағы бақылау-өткізу бекетіндегі шекаралық бақылау басқармасы қызметкерлерінің әрекетсіздігі себеп болды деп отыр.

Тергеу тобының неге осыншалықты ауыр кінә артқаны түсініксіз. Қылмыстық іс қозғау туралы қаулыда лауазымды адамдардың тікелей құқық бұзушылықтары туралы деректер жоқ. Яғни күдікті ретінде ұстап, қылмыстық із қозғауға келтірілген ешқандай дәлел жоқ, — дейді Жанаргүл Әлиева.

Ол сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көрсетілген талаптарды өрескел бұзумен басталғаны заңнан алыс адамға да аян деп отыр.

"Тергеушілер 9 ай бойы күйеуімнің ісін оның анты мен ҚР Ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті қызметін реттейтін жалпы нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып, сотқа жеткізіп әлек. Бұл ретте тексеру барысында биылғы 5 қаңтарда әуежайда болған оқиғаға тікелей қатысы бар нормативтік-құқықтық актілерді және арнайы жедел жоспарларды қолдану туралы адвокаттардың өтініштері еленбей келеді", — дейді полицейдің әйелі.

Жоспарға сәйкес, стратегиялық мақсаттағы нысандарда оқыс жағдай туындаған кезде оларды қорғау мен күзетудің ерекше тәртібі, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты белгіленген қатаң нормалар бар.

"Қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер барысында Алматы қаласының құқық қорғау және арнайы органдарының басшылығы қарамағанда қаншама әскери жасақ болса да, Алматы әуежайының аумағында тәртіп орнатып, оны күзету үшін тиісті шаралар қолданбай қойды. Ал барлығы біткеннен кейін жауапкершілікті үшінші тұлғаларға арта салды", — дейді Жанаргүл Әлиева.

Ол ел Президентінің төтенше жағдай енгізу туралы жарлығынан кейін әуежайға іргелес бағыттар бойынша көлік қозғалысын шектеу үшін бақылау-өткізу бекеттері орнатылмаған деп отыр.

Бұған менің жұбайым мен оның әріптестері емес, осындай жағдайларда құзыреті бар адамдар кінәлі. Олар жауапты әрі көреген болып, алдын ала жоспар құра алғанда, Қазақстан мегаполисінің әуе айлағы аумағындағы тәртіпсіздіктердің бірден басуға болушы еді, — дейді полицейдің жұбайы.

Ол лаңкестерден қауіп төнген кезде арнайы жоспарларды қолдану керектігі түсінікті екенін айтады. Соның арқасында әуежайды қорғап қалуға мүмкіндік те болар еді. Алайда мұны тергеушілер қаперге алып жатқан жоқ. Олардың бар жұмысы керек кезде жоқ болып кеткен Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК генералдарының артын жауып, әйтеуір, кінәлі біреуді іздеу деп отыр.

Қылмыстық қудалау органдары жұбайыма "полиция ғимаратын тастап кеттің" деп айып тағып жатыр. Алайда ол жоғары тұрған басшының бұйрығына сәйкес әрекет етті. Себебі қару тәртіпсіздікке қатысқандардың қолын түспеуі керек еді, — дейді Жанаргүл Әлиева.

Оның айтуынша, полиция ғимаратының ішінде болған қызметкерлер тәртіпсіздікке қатысушылардың келе жатқанын естіп, күйеуіне есеп бермей кетіп қалған. Жұбайы ол кезде әуежайда болып, қару ұрлығына жол бермеуге қам жасап жатқан екен.

Бірақ тергеу органдары мұны да ескермей отыр. Енді ол "лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деп айыпталып жатыр. Себебі ол жеке құрамға атыс қаруын қолдану туралы бұйрық бермеді. Бірақ бұл абсурд қой! — дейді күдіктінің жұбайы.

Сосын айыптау қорытындысында Талғат Тәліпов зиянды өтеуге қатысты азаматтық талап қойылған. Себебі оның қылмыстық әрекеттеріне байланысты 5-12 қаңтар күндері Алматы қаласының халықаралық әуежайы мен бірнеше әуе комааниясы зардап шеккен. Осы уақыт аралығында 464 ішкі және халықаралық авиарейстер тоқтатылған. Қойылған азаматтық талаптың сомасы — 7 170 079 371 теңге.

Жанаргүл Әлиева мемлекет басшысынан Бас прокуратураның заңсыз әрекеттерге жол бермеуі үшін осы істі жеке бақылауға алуын, сондай-ақ объективті және әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары