"Қазгидромет" РМК деректеріне сәйкес, еліміздің кейбір облыстарында 30 қарашада қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер қатты жауын-шашын, тұман және көктайғақ болатынын болжайды.
Күндіз Қызылорда облысының орталығында солтүстік шығыстан батысқа ойыса 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.
Түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстік шығысында -40°С қатты аяз болады.
Түркістан облысының тауларында қатты жауын-шашын болады (қар аралас жаңбыр). Облыстың оңтүстігінде, батысында, таулы аумақтары мен тау бөктерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Тау асуларында оңтүстік батыстан қатты жел соғады, екпіні - 15-20 м/с.
Шымкент қаласында тұман түсіп, көктайғақ болатыны болжанады.
Түркістанда да тұман, көктайғақ болады.
Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі. Өңірдің солтүстігінде, шығысында солтүстік шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с құрайды. Алакөл аумағында оңтүстік шығыстан соққан желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғарыға жетеді деп болжанады.
Синоптиктер республикамыздың көп бөлігі әлі де суық солтүстік антициклонның ықпалында екенін, осыған байланысты аязды ауа райы сақталатынын ескертеді.