01.12.2022, 16:40

Жығылғанға жұдырық: Екібастұздықтардың үйлері тоналып жатыр

Екібастұз полиция басқармасы қала полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Екібастұзда үйлерді тонау деректеріне байланысты тұрғындарға баспаналарын қараусыз қалдырмау қажеттігі ескерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қыстық көзі қырауда қиын жағдайға тап болған қала тұрғындарының үйлері тоналғаны туралы жарияланым жергілікті Instagram-пабликтердің бірінде пайда болды.

Екібастұз полиция басқармасы қала полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

"Егер күдікті адамдар байқалса, дереу "102", "112"нөміріне қоңырау шалу керек”, – делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қатты аяз кезінде жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай режимі енгізілді.

Бұдан бұрын мәжілісмен Ерлан Саиров Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, олигархтардың жылу электр орталықтарының пайдасын сүліктей сорып, қиын-қыстау күн туғанда проблеманың бәрін мемлекетке ысыра салуына жол бермеу керегін айтқан.