06.12.2022, 17:40

«Қазақ елінің қай тілде сөйлейтінінде Ресей елшісінің не шаруасы бар?» - Қазыбек Иса

Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…

Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап еткен депутаттық сауалымыз өте өзекті екенін Ресей елшісі де кеше "Россия сегодня" агенттігіне берген сұқбатында тіл туралы өрескел сөзімен дәлелдеп беріпті!..

Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі Алексей Бородавкин: “Әрбір қазақстандық екі аяқта нық тұруы тиіс: бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі, екіншісі, Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей ресми тіл –орыс тілі. Бұл екі аяқтың екеуі де бірдей болған жағдайда ғана алға қадам баса алатынын ескеру керек”-дейді.

Өзге елге не істеуді үйретіп, өзеуреп, “екі тілді білген екі аяғымен нық тұрып, алға қадам баса алады” деп пәлсапа соғып отырған елшіге өз сөзінен ұстап алып, ескертуіміз бар біздің де! Сонда тек Ресей тілін ғана білетін біздің елдегі орыс этностары 31 жылдан бері қашанғы бір аяғымен тұрады? Қашан алға басады? Өзге тілде ғана - яғни бір аяғымен ғана ұзақ тұрған адам құлайтынын ұмытпау керек, елші Борадавкин мырза!

Тәуелсіз Қазақ Елі азаматтарының қай тілде сөйлеуін нұсқап көрсететіндей билікті Ресей елшісіне кім беріп отыр?

Тәуелсіз Қазақ елінің қай тілде сөйлейтінінде Ресей елшісінің не шаруасы бар?

Cыртқы істер министрлігі сырт қала бере ме тағы, бұған қандай қайрат көрсетеді?

Біздің Ресейдегі кешегі-бүгінгісі бар, елшілеріміздің қайсысы болса да, “Бір миллионға жуық қазақ тұратын Ресейде неге бір қазақ мектебі жоқ?!.-деп айта ала ма? Тек Иманғали Тасмағамбетовтың ғана елші кезінде Ресейде қазақ тілінде сөйлегенін білеміз.

Бұл елші А.Бородавкин 2018 жылы да: “Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де", - деп, астамси жауап берген болатын “Россия 24" телеарнасына берген сұқбатында. Бір жағынан Ресей елшісі ащы шындықты, Қазақ билігінің Ресей тілінде сөйлейтінін ашық айтып отыр.

Жалпы, Ресей елшісінің бұдан төрт жыл бұрынғы да, кешегі де сөзіне қарасаң, Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…

Депутат Қазыбек Исаның Facebook парақшасынан