$ 481.84  531.33  5.07

Елдегі атышулы оқиғалар неге суицидпен аяқталып жатыр?

Жазбада ол мұндай қадамға қалалық ПД басшылығының қысымы итермелегенін айтқан.

Ресми мәліметтерге  сенсек Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша 20-орында. Қазақстанда кез келген жас түрі бойынша өз-өзіне қол жұмсау деректері кездесіп жатады. Себебі де әртүрлі. Даулы оқиғалардан кейін өзіне қол жұмсаған шенеуніктер мен қызметкерлер де бар. Алайда оның бәрі қандай да бір даулы оқиғамен емес, денсаулық жағдайы және тағы басқа да себептермен байланысты болып жатады. Massaget.kz тілшісі елдегі қандай да бір оқиғадан кейін өзіне қол жұмсаған қызметкерлер туралы баяндайды.   

Екібастұздағы ЖЭО басшысының өлімі

Кеше, 5 желтоқсанда Екібастұзда гараждардың бірінен жергілікті ЖЭО учаскесінің бастығы өлі күйінде табылды. Бұл ақпарат кешкі уақытта Instagram-да тарай бастады. 33 жастағы басшы ВАЗ-21099 автокөлігінің салонында зорлық-зомбылық белгілерінсіз, гараждардың бірінде табылды. Ақпарат расталды. 

Полицейлердің мәліметінше, соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға марқұмның гаражында, жұбайымен жанжалдан кейін болған. Бірқатар сараптама тағайындалды, нәтижелері бойынша шешім қабылданады. 

ҰҚК қызметкерінің өлімі

Биыл 10 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметі астанадағы қызметкердің қайтыс болғанын хабарлады. 

ҰҚК қызметкерінің есімі Азамат Ибраев, полковник. Ол 10 қаңтарда үйінен өлі күйінде табылған. 

Қостанай облысындағы шенеуніктің өлімі

Былтыр 3 маусымда Қостанай облысында аудандық білім бөлімінің басшысы Қалыбек Жүгісінов өз-өзіне қол жұмсады. Жергілікті ақпараттық агенттік таратқан бұл мәліметті облыстық басқарма өкілдері растаған болатын. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басқарма басшысының суицид жасауына оған қатысты қозғалған қылмыстық іс себеп болуы мүмкін екенін жазған еді. 

Бірақ білім басқармасы таратқан түсініктемеде Қалыбек Байжанұлына қатысты соталды тергеу жөнінде ресми ақпарат жоқ екені айтылған. Қызылорда өңірінің тумасы әуелі Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ал 4 жыл бұрын бөлім басшысы қызметіне тағайындалған.    

"Құқық қорғау органдарынан Қалыбек Байжанұлына қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу туралы білім басқармасына ресми ақпарат түскен жоқ. Қалыбек Байжанұлы әріптестері арасында абыройлы кісі болатын. Қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарайтын өз ісінің маманы болған", - деген еді облыстық білім басқармасының өкілдері. 

Маңғыстауда ісі тергеліп жатқан екі шенеунік қайтыс болды

2017 жылы 24 қазанда Маңғыстау облысындағы Теңге және Қызылсай ауылдық округтерінің әкім орынбасарлары қайтыс болды. Оларға қатысты қызметтік жалғандық жасады деген күдікпен тергеу жүріп жатқан еді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Жаңаөзен қалалық прокурорының сол кездегі орынбасары Әнуар Борашев хабарлаған болатын. 

Оның мәліметінше, экс-шенеуніктерге қатысты соталды тергеу жүріп жатқан. Екеуі де жер мәселесіне қатысты жетекшілік қызмет атқарған.

"Олар жалған құжатпен жеке үй құрылысына жер учаскелерін берумен айналысқан. Күдіктілердің қайтыс болуына байланысты тергеу тоқтатылды. Екеуінің қазасының себебі - денсаулығының сыр беруі", - деді Борашев.

Шымкент полициясының баспасөз хатшысы өзіне қол жұмсамақ болған

Биыл сәуірде Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өзіне қол жұмсамақ болғаны хабарланған еді. 5 сәуірде Мөлдір Бекеева Facebook-парақшасында қоштасу жазбасын қалдырған. Жазбада ол мұндай қадамға қалалық ПД басшылығының қысымы итермелегенін айтқан.

Оның сөзінше, оған Шымкент қалалық ПД-ның жаңа басшысы Қайрат Дәлбеков журналистерді "тамақтандыруды" ұсынған көрінеді. Бекееваның айтуынша, бұдан бас тартқаннан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол бұлай өмір сүре алмайтынын айтып, отбасымен, достарымен және әріптестерімен қоштасқан.

Кейін бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Мөлдір Бекееваға қатысты соталды тергеу Қылмыстық кодекстің 378-бабы "Билік өкілін қорлау" бойынша жүргізілді. 

Бүгінде Мөлдір Бекеева қызметіне оралды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#суицид